Қарағанды облысындағы ауылдар мембағдарламалардың арқасында көркейіп келеді
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысындағы Осакаров және Нұра аудандары - «Ауыл - ел бесігі» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» атты екі мемлекеттік бағдарлама арқасында дамып келеді.
Онда мектептер мен ауруханалар, жолдар жөнделіп, гүлзарлар абаттандырылып, жаңа әлеуметтік нысандар салынуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл бағдарламалар шеңберінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстар өмір сүру үшін қолайлы жағдай туғызып қана қоймай, жергілікті халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Осакаров және Нұра аудандарына жұмыс сапары барысында Жеңіс Қасымбекке қандай жұмыстар атқарылғаны туралы баяндалды.
Мысалы, Осакаровкада 64 көшенің бірден 54-і ретке келтіріліп жатыр. Кенттің негізі қаланғаннан бері бір мезгілде осыншама ауқамдағы жұмыстар астқарылған емес. Сонымен қатар, ауданның екі кентінде тозған су құбыры желілері қайта жаңғыртылуда. Мұның бәрі «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар.

«Бағдарлама бойынша үш ауылдық округте барлығы 1,5 млрд теңгеге алты жобаны жүзеге асыру жоспарланған. 100-ге жуық жұмыс орны құрылды», - деді Осакаров ауданының әкімі Нұркен Көбжанов.
Жеңіс Қасымбек Осакаровкада осыған дейін ешқашан асфальт болмаған жолдардың қалай ретке келтіріліп жатқанын тексерді. Мердігерге жұмысты мерзімінде аяқтауды тапсырды. Бүгінгі таңда 32 көшеге асфальт төселді.
«Күн суытып кетпейінше, жұмысты тездету керек», деді облыс әкімі.
Ал Нұра ауданында «Жұмыспен қамтудың жл картасы» бойынша 17 жобаға 1,3 млрд теңге бөлінді. Мұнда да жолдар, әлеуметтік нысандар салынып, жұмыс орындары ашылуда. Мысалы, Шахтер ауылында төрт көше абаттандырылып, жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, мектепте ағымдағы жөндеу жүргізілді. Келесі жылы Нұрада бассейн және 20 екі пәтерлі үй пайдалануға беріледі. Тұрғын үй жалға берілетін болады, оны кезекте тұрған көпбалалы, жетім, мүгедектер және үйлері апатты деп танылған адамдар арасында бөлу жоспарланған.

«Мемлекеттік бағдарламалар ауданымыздың дамуына серпін берді. Әр түрлі нысандардың белсенді құрылысы басталды, ең бастысы, жұмыс орындары құрылуда. Пандемия кезінде біз жергілікті халықты қолдап, адамдарды жұмыспен қамтамасыз ете алдық. Бізде 410 жұмыс орны ашылды», - деді Жеңіс Қасымбекке Нұра ауданының әкімі Аян Шалмағанбетов.
Шахтер ауылында облыс әкімі жаңа отбасылық-дәрігерлік амбулаторияда болып, жолдардың жөнделуін тексеріп, жергілікті билікке ауданды одан әрі дамыту жөнінде тапсырмалар берді.


