Қарағанды облысындағы ауылдың аулаларын нөсер салдарынан су шайып жатыр

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы Осакаров ауданы Сенокосное ауылындағы аула аумақтары мен үйлерді су басып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенокосное ауылының тұрғындары әлеуметтік желілерде елді мекенде қатты нөсер салдарынан аула аумақтарын су басып жатқаны туралы бейне жариялады. Ауыл тұрғындары су астында автокөліктері қалғанын хабарлады. Енді олар өз малдары үшін қауіптенетіндерін айтып отыр.

«Осакаров ауданының Сенокосное ауылындағы аула аумақтарын су басу туралы хабарлама келіп түсті. Су тасқыны нөсер жаңбырдың салдарынан болды. Тұрғындарға көмек көрсету үшін Қарағанды облысының ТЖД күштері су айдау техникасымен бірге жіберілді.

Оқиға орнына 35 адам, 4 бірлік техника, 13 мотопомпа жіберілді. Аумақты аралау жүргізілуде», - деп хабарлады Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, жергілікті жерге аудан әкімдігінің өкілдері де келіп жетті. Ауыл тұрғындарына келтірілген материалдық шығын туралы кейінірек хабарланады.



Соңғы жаңалықтар