Қарағанды облысындағы балалардың жаппай улануына байланысты тергеу басталды – Бас прокуратура

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі Қарағанды облысында балалардың жаппай тамақтан улануына байланысты тергеу басталғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«31.07.2023 жылы балалардың тамақтан улану фактісі бойынша «Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ ҚР ҚК-нің 304-бабының 2-бөлігі (ауыр зардаптарға әкеп соқтырған санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.Қылмыстық іс Қарағанды облысы прокуратурасының арнайы прокурорларының бақылауына қабылданды»,-делінген баспасөз қызметінің мәліметтерінде.

Сондай-ақ онда тергеуге құқық қорғау және арнайы органдардың тәжірибелі қызметкерлері жұмылдырылып, ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғаны айтылған.

Тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеу шеңберінде жауапты лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттеріне тиісті құқықтық баға берілетін болады.

Елімізде жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларға арнаулы медициналық-әлеуметтік қызмет көрсететін 84 мекеме бар (37 балаларға арнаулы медициналық-әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, 47 балалар үйі, сондай-ақ 2959 баланы қамтитын отбасын қолдау орталықтары).

Сонымен қатар, Бас прокуратура уәкілетті мемлекеттік органдар мен аумақтық прокурорларға аталған мекемелерді кешенді тексеруді ұйымдастыруды тапсырды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балалардың жаппай улану дерегі тіркелді.

Оқиға орнына Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният аттанды.

Кейінірек Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова Үкіметте тілшілердің сауалдарына жауап бере отырып, балалардың неден уланған әлі анықталмағанын хабарлады.


Соңғы жаңалықтар