14:42, 18 Наурыз 2020 | GMT +5
Қарағанды облысындағы өзендерде мұз жару жұмыстары жүргізілуде
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында тасқын суларды қауіпсіз өткізу бойынша іс-шаралар үздіксіз жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

17 наурызда Қарқаралы және Бұқар жырау аудандарында сең кептелісінің алдын алу мақсатында Қарасор көлінде және Петровка кенті маңында Нұра өзенінде мұзды жару жұмыстары жүргізілді.
Облыстағы су қоймаларда мұзды жару жұмыстары 5 наурыздан басталды. Басты жару жұмыстар көпірлерде, бөгеттерде кептелісттің алдын алу және тасқын судың қауіпсіз өтуі үшін жүргізіліп жатыр.
Жалпы мұзды жару шаралары 20 аймақта - Қарқаралы, Бұқар жырау, Абай, Жаңаарқа, Осакаров, Нұра аудандарында және Қарағанды қаласында жүргізу жоспарланған.
Мұзды жару Жарлы, Ежебай, Нұра, Жаман-Сарысу, Қарғалы, Үлкенқұндызды, Сабырқожа, Жаман, Құланөтпес, Солонка, Соқыр өзендерінде өткізіледі.