Қарағанды облысындағы санитарлық бекеттерден өту үшін ПТР тест талап етілмейді

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына түзету енгізілді. Енді өңірде орнатылған үш санитарлық бекеттен өту үшін ПТР-тест талап етілмейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысындағы санитарлық бекеттерден өту үшін ПТР тест талап етілмейді

«Қарағанды облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің «Қарағанды облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 2 қарашадағы №41-қ қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 03.11.2020ж. №42-қ қаулысына сәйкес Қарағанды облысы аумағына/аумағынан санитариялық бекеттер арқылы кіру/шығу кезінде propusk.kz сайтында тіркеуден өту қажет. Сонымен қатар санитариялық бекеттерден өту (кіру/шығу) кезінде ПТР тест талап етілмейтіндігі туралы хабарлаймыз», - деп мәлімдеді Қарағанды облысының Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Қарағанды облысында коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін 4 қарашада сағат 00-де сыртқы шекараларға кіруді/шығуды бақылау үшін үш санитарлық бекет жұмысын бастайтыны туралы хабарланған болатын.

Елде аурудың өсуіне байланысты алдын алу шарасы ретінде келесі бағыттар бойынша санитарлық бекеттер орнату туралы шешім қабылданды:

1. Қызылорда - Павлодар а/ж (Молодежный кенті маңында);

2. Павлодар - Баянауыл - Бұқар жырау-Қарағанды а/ж (Үміткер кенті маңында);

3. Қарағанды - Аягөз - Бұғаз автожолының 271-ші шақырымы, Семей қаласы бағытында (Кентөбе кенті маңында).