Қарағанды облысындағы Төменгі Нарбақ су қоймасында бөгет бұзылды

«4 сәуірде сағат 03:09 Қарағанды облысы Шет ауданында Нұра-Сары су бассейнінің Төменгі Нарбақ су қоймасында бөгет бұзылды. Салдарынан республикалық маңызы бар «Қызылорда-Павлодар» жолының 796 км тұсында 5-6 м жерді су алып кетті. Басқа елді мекендерге су басу қаупі төніп тұрған жоқ», - делінген хабарламада.
Аталған жолда автокөліктердің барлық түрлерінің қозғалысына тыйым салынды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жолда бекет қойылды.
Сонымен қатар, облыста су басу қаупіне байланысты еріген қар суының жолын аршу бойынша шұғыл жұмыстар жасалып жатқаны аталып өтілген. Оған құтқару қызметі мен жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері тартылды. Елді-мекендерді қорғау бойынша шаралар жүргізіліп жатыр.
Комитеттің хабарлауынша, Шет ауданы Шерубайнұра өзені - Шопа кенті гидрологиялық бекетінде судың көтерілуі байқалған.