Қарағанды облысының 17 елдімекенінде биыл жаңа спорт нысандары ашылады

Ботақара мәдениет үйінде өткен кездесуге аудан орталығынан бөлек өзге ауылдардың тұрғындары да жиналды. Кездесуге келгендер ауыл өміріне қатысты өздерін толғандырған сауалдарды қойып жатты.
Мысалы, Доскей ауылынан келгендер электр желілерінің жағдайына шағымданды. Бұл мәселенің шешілуі монополистің инвестициялық бағдарламаны іске асыруына тікелей байланысты.
Қушоқы тұрғындары дене шынықтыру – сауықтыру кешенін (ДСК) салып беруді сұрады. Басқа ауылдарда да спортпен шұғылданатын орындар жетіспейді.
Аудан әкімі Сержан Аймақовтың айтуынша, биыл 17 елді мекенде жаңа спорт нысандары ашылады, онда көпфункционалды хоккей корттарын, шағын футбол алаңдарын, Workout көше алаңдарын орнату жоспарлануда. ДСК Ботақара кентінде, Ғ. Мұстафин ауылында салынады деп көзделіп отыр. Қушоқы үшін де жоба әзірленбек.
Ғ. Мұстафин кентінде көпірді жөндеу мәселесі бірнеше жыл бойы шешілмеген. Биыл бюджеттен қаражат бөлініп, жұмыстар басталады.
Ауыл клубын жөндеу, физиотерапия кабинетін жабдықтау, мектепке жапсарлас ғимарат салу – бұл ауыл тұрғындарының өтініші. Көптеген сұрақтарға облыс және аудан әкімі бірден жауап берді. Кейбіреулеріне бір апта ішінде жазбаша жауаптар беріледі.
«Жалпы Бұқар Жырау ауданы дамып келеді, оң динамика бар. Бұл жаңа үйлер мен жаңартылған жолдар. Доскей ауылында бес қабатты екі үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аяқталуда, сондай-ақ облыстық басқармалар есебінен тағы үш үй қалпына келтіріледі. Ауданда «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасының арқасында ауылдардың инфрақұрылымы жақсаруда. Бірақ шешілмеген мәселер аз емес. Осы кездесудің қорытындысы бойынша сіздер айтқан ұсыныстар мен ескертулерді ескере отырып, іс-шаралар жоспары әзірленетін болады. Келесі кездесуде не істелгені туралы есеп береміз», – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.
Есеп беру кездесуінің жаңа форматы Бұқар Жырау халқына ұнады.
«Мен бүгін жерлестерімнің проблемалары туралы айтып бердім. Әкімнің есебіне бірінші рет келіп отырған жоқпын. Осындай кездесулер көп болуы керек. Еш жалтақсыз, ашық диалог болды. Біздің мәселелеріміз шешіледі деп үміттенеміз. Халыққа жақын болу – бұл өте жақсы. Мұндай кездесулер билікке деген сенімді арттырады», – деді Ботақара кентінің тұрғыны Раушан Сағандықова.
Кездесуден кейін облыс әкімі жеке мәселелер бойынша да қабылдау өткізді.