Қарағанды облысының әкімдігі тұрғындарға үндеу жасады

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімдігі өңір тұрғындарын азық-түлік тапшылығы болады деп дүрбелеңге түспеуге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысының әкімдігі тұрғындарға үндеу жасады

Әкімдіктің хабарлауынша, осы айдың басында облыстың коммерциялық қоймаларына 2 240 тонна азық-түлік тауарлары келіп түсті. 18 наурызға дейін тағы 1 500 тонна келеді.

Сонымен қатар «Сарыарқа» ӘКК тұрақтандыру қорында 723 тонна бакалея өнімдері сақталуда. Қоймалар үнемі толықтырылып отырады. Ол үшін қаржылық ресурстар мен коммерциялық келісімшарттар бар.

Апта сайын тұрақтандыру қорының резервтерінен супермаркеттер желісі және әлеуметтік павильондар арқылы тауар интервенциясы өткізіледі.

Қолда бар қорлар облыстың қант, күнбағыс майы, қарақұмық жармасы, күріш және тағы да басқа қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін жеткілікті.

«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін қалалар мен аудандардың кәсіпкерлік бөлімдері сауда объектілеріне тиісті шаралар қабылдануда», - деп мәлімдеді Қарағанды облысының кәсіпкерлік басқармасынан.