Қарағанды облысының әкімі Бұқар жырау ауданындағы су тасқынына қарсы дайындықты тексерді

Ерлан Қошанов Көкпекті бөгетінде болды. Облыс әкімі Байқадам ауылында қар жинау және шығару, Петровский ауылдық округында Нұра өзенінің бойындағы талдарды шабу жұмыстарымен танысты. Ботақорада аймақ басшысы облыстық ТЖД басшысының есебін тыңдады.
Бұқар жырау ауданында Нұра өзенінің бойында орналасқан 15 елді мекенді су басу қаупі бар. Халықты, аумақты және шаруашылық субъектілерді тасқын сулардан қорғау жөніндегі 2017 жылға арналған аудандық жоспар әзірленді және орындалуда. Аудандық жедел штаб құрылды.
«Табиғи және техногендік сипаттағы ТЖ-ның алдын алуға және жоюға 2017 жылға арналған аудандық бюджетте 34,5 млн. теңге қарастырылған. Қазіргі кезде резервті қордан елді мекендерде қар шығару және көшелерді тазалау жұмыстарына 10,5 млн. теңге бөлінді. Сонымен қатар, Ғ. Мұстафин, Ботақора елді мекендерінде және Сарытөбе ауылында бөгеттер орнату үшін 13 млн. теңге бөлінді. Қазіргі кезде тиісті жұмыстар жүргізілуде. 385 бірлік мамандандырылған техника және 800-ден аса адам тартылған», - деп хабарлады Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары Сапар Сатаев.
Аудандағы 24 елді мекенде жергілікті хабарландыру жүйелері орнатылған. Ауданда 14 мыңнан аса адамды қабылдайтын 76 эвакуациялық пункт бар. Жергілікті әкімдіктердің мәліметінше, 1500 тонна инерттік материал дайындалады. Су өткізетін құбырлар мен құдықтарды, арықтарды тазарту жұмыстары қолға алынды. Ботақора елді мекенінде және Доскей ауылында қосымша бес су өткізу жолдары жасалады. Биыл 2015 жылы су тасқынымен бұзылған көпірдің орнына «Қарағанды-Тоғызқұдық-Ботақора» жолында жаңа көпірдің құрылысы басталады.
«Жобалау-сметалық құжаттама бар. Төрт жолақты көпірдің жобасы жасалды. Ұзындығы 132 метр, бір метрге биіктеу болады. 2017 году жаңа көпірдің құрылысына 540 млн. теңге бөлінді. Конкурстық процедуралар жүріп жатыр. Жұмыстарды сәуір айының ортасында бастау жоспарланған. Объект 2018 жылға ауысады», - деп баяндады облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Абай Санаубаров аймақ әкіміне. Ауданда Нұра өзенінің бойындағы, сең жүру кезінде кедергі келтірмес үшін талдарды шабу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, өзеннің арнасы түзету жоспарланған. Қазгидрометтің хабарлауынша, облыста өзендерде су тасқыны наурыз айының соңынан сәуір айының ортасына дейін болады деп күтілуде. «3 наурыздан бастап облыстық азаматтық қорғау аумақтық ішкі жүйесі жоғары дайындық режиміне көшті. Барлық жерде су тасқынына қарсы штабтар құрылды. Күн сайын су тасқыны жағдайы бойынша ақпарат жиналады. Ғарыштық мониторинг жүргізіледі, тәулігіне екі рет ғарыштан түсірілген суреттерді аламыз. Облыста қар жатыр. Өзен-көлдер әлі қыстық режимде», - дейді Қарағанды облысының ТЖД бастығы Ибрагим Күлшібаев.
Облыстағы негізгі су қоймаларында су ағызу жұмыстары жалғасуда. Мамандардың айтуынша, деңгей еріген қар суларын қабылдауға дайын. Есептерге сәкес, облыстың елді мекендерінен мың текше метрден астам қар шығарылған. Ерлан Қошанов алдағы уақытта су тасқынына қатысты ахуалмен танысу мақсатында өңір аумағын тікұшақпен шолып шығуды тапсырды. Осыдан кейін облыстық штабтың отырысы өткізіледі.