Қарағанды облысының әкімі дыбыстық жарнаманы қатты қоятын компаниялармен күресуде
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов ретсіз сауда мен дыбыстық жарнамаларды тәртіпке келтіруді талап етті. Бұл мәселе аппарат жиналысы барысында талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат аймақ әкімдігіне сілтеме жасап.
Аймақ басшысы қол астындағы қызметкерлер нақты әрекеттер жасап, қала тұрғындарын қорғау үшін жеткілікті әрекеттер жасамай жатқанына наразылығын білдірді. Тұрғындар шағым айтуын тоқтатар емес, ал мәселе сол күйі шешілусіз қалып отыр.
Облыс әкімінің блогына жыл басынан бері Қарағанды қаласы, Пришахтинск шағын ауданындағы Зелинский көшесіндегі ретсіз саудаға қатысты 17 шағым келіп түскен. Қала әкімі Нұрлан Әубәкіров «сұрақ түсінікті» деді.
«Егер сұрақ түсінікті болса, тәртіпке келтіріңіздер», - деп талап етті Ерлан Қошанов.
Осы секілді проблема - қала орталығындағы дыбыстық жарнамалар. Қала басшылығы құқықтық олқылықтарға сілтеп отыр. Олардың айтуынша, абаттандыру ережелерін өзгерту қажет. Бұл жағдайға Қоғамдық денсаулық қорғау басқармасы сәйкесінше өлшемдер жасап, ықпал ете алады. Бірақ мұндай жауап облыс әкімінің көңілінен шыққан жоқ.
«Осыдан бір ай бұрын децибелдерді өлшейміз деп уәде берген болатынсыздар. Адамдарға кедергі жасап жатыр. Нәтижелі шаралар қолдануға болмас па еді? Ол небәрі 5-6 орын емес пе? Сіздер олардың иелерінің барлығын білесіздер. Шақырыңыздар, әңгімелесіңіздер, бұл мәселені соңына дейін шешіңіздер», - деді облыс басшысы.
Ерлан Қошанов жергілікті полицияға да бұл мәселеге кірісуді тапсырды.