Қарағанды облысының әкімі мәслихат депутаттарына есеп берді

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының басшысы Жеңіс Қасымбек облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында халық қалаулыларының алдында онлайн режимде есеп беріп, өңірдің экономикалық дамуы мен әлеуметтік міндеттемелердің орындалу барысын баяндады, деп хабарлайыд ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Облыс әкімі мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы және жергілікті атқарушы билік жұмысының нәтижелері туралы айтып берді.

«Жалпы, өңір экономикасында оң динамика қамтамасыз етілді. Өнеркәсіптік алыптар да, жобалық қуатқа шыққан жаңа өндірістер де өз үлестерін қосуда. Биыл алты жоба іске қосылды. Ал жыл соңына дейін 14 жоба жоспарланып отыр, екі мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Инвестиция өсімі қамтамасыз етілді. Бұл пандемия кезеңіне қарамастан, аймақ инвестициялық тартымды болып қала беретінін көрсетіп отыр», – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.


8 айдың қорытындысы бойынша өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындары 2,8 трлн теңгенің өнімін өндірді. Өңдеу өнеркәсібінде өсім 1,4% құрады.

Облыстың еңбекке қабілетті халқының үштен бірі шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейді. Аталмыш сектордағы субъектілер саны 4,6% өсіммен 92 мың бірлікке жетті. Кәсіпкерліктің белсенділігіне мемлекеттік қолдау ықпал етеді.

Жеңіс Қасымбек «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасының да тиімділігін атап өтті. Биыл бағдарлама бойынша 25 кент пен ауылда 120 шақырым жол жөнделді. Сондай-ақ, әлеуметтік нысандарды жөндеу және салу бойынша жобалар іске асырылуда.

Өңірде алты жаңа денсаулық сақтау нысаны пайда болады. Қарағандыда облыстық онкодиспансердің операциялық-реанимациялық блогы, екі жедел медициналық жәрдем қосалқы станциясы салынуда.

Оқу орындарында оқушылар мен студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көп көңіл бөлінді. Сондай-ақ, мектептерде балаларды тегін тамақтандыру мәселесі шешілді. Бүгін әлеуметтік категорияларға қарамастан, 1–4 сынып оқушыларына түскі ас тегін беріледі.

«Біз маңызды әлеуметтік міндеттерді шешу бойынша нақты нәтижелер мен күнделікті жұмысты көріп отырмыз. Стратегиялық даму жоспарында инвестиция тартуға, шағын және орта бизнесті дамытуға, инфрақұрылымды жақсартуға көп көңіл бөлінеді», – деп түйіндеді облыстық мәслихат хатшысы Серік Өтешов.

Депутаттар облыс әкімінің есебін бірауыздан мақұлдады.

Сессияда сондай-ақ өңірдегі тұрғын үй құрылысының жай-күйі мен даму әлеуеті туралы мәселе қаралды. Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Абзал Жайлыбаевтың ақпараты бойынша, облыста 8 айда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 308 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20% дерлік өскен. Үлкен құрылыс жалғасуда – биыл кемінде 662 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Ал алдағы үш жылға жылына бір миллион шаршы метр көрсеткішке шығу міндеті қойылды.


Соңғы жаңалықтар