Қарағанды облысының әкімі мектептер мен колледждердің қоғамдық рейтингін енгізуді тапсырды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек онлайн режимде өткенмұғалімдердің тамыз конференциясында өңірде білім саласы бойынша назарға алу керек мәселелер туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қарағанды облысының әкімі мектептер мен колледждердің қоғамдық рейтингін енгізуді тапсырды

Бұл ретте облыс басшысы балабақшалар мен бөбекжайларды, үйірмелер мен секцияларды қолжетімді ету, инклюзивті оқытуды дамыту сияқты міндеттер туралы айта келе, олар бойынша қолға алу керек басты 9 бағытқа назар ауарды.

1-ден 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды 84-тен 86,5%-ға дейін ұлғайту қажет. Жеке инвестицияларды көбірек тарту осы көрсеткішке қол жеткізуге көмектеседі.

Білім беру қызметтерінің сапасын арттыру үшін облыс әкімі жыл соңына дейін мектептер мен колледждердің қоғамдық рейтингін енгізуді тапсырды.

«Оқу мектебі» республикалық жобасы аясында 2022 жылдың соңына дейін барлық мектептер мен колледждердің кітапхана қорларын жаңарту талап етіледі.

Оқушыларды қосымша біліммен қамту 66,7-ден 86%-ға дейін ұлғайтылуы тиіс.

Барлық колледждерде WorldSkills стандарттары бойынша демонстрациялық емтихандарды енгізу қажет. Дуальді оқытуда студенттерді қамтуды 20%-дан кем емес деңгейге көтеру жоспары қойылған.

Жеңіс Қасымбек инклюзивті білім беруді, патронаттық тәрбиені, балалар мен жасөспірімдерге психологиялық көмек көрсетуді дамыту бойынша да нақты міндеттер қойды.

Облыста педагогтердің кәсіби деңгейін арттыру бойынша жұмыстар жалғасады. Кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін қалалар мен аудандарда мұғалімдерге қызметтік тұрғын үй беріледі.

«Біз өткен оқу жылының қорытындысын шығарып, болашаққа қойылған міндеттерді анықтадық. Оларды табысты іске асыру педагогикалық ұжымдар мен барлық мүдделі құрылымдардың күш-жігерін біріктірген кезде ғана мүмкін болады», – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.