Қарағанды облысының әкімі мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлес үшін сыйақыларды табыстады

«Мемлекеттік тіл саясатын іске асыруға бағытталған амалдардың бірі облыс әкімінің сыйақысына «Тіл жанашыры» байқауын өткізу болып табылады. Бұл байқаудың мақсаты - мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосқан тұлғаларды қолдау. Ол алғаш рет өткізілуде, осыдан бастап жыл сайын ұйымдастырылатын болады», - деді аймақ басшысы Әбілғазы Құсайынов.
Байқауға түрлі мекемелер мен ұйымдардың, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, электрондық және баспасөз БАҚ-тардың журналистері, студенттік жастар, мемлекеттік қызметкерлер қатысты. Облыс әкімінің сыйақылары табысталған 10 аталымдағы жеңімпаздар таңдалды.
Марапатталғандардың арасында «Қазақ тілі» облыстық қоғамының төрағасы Темірғали Көкетай, «Балқаш өңірі» газетінің редакторы Жанболат Башар, «Индустриалдық Қарағанды» облыстық газетінің мәдениет және білім бөлімінің меңгерушісі Ольга Моос, ҚарМТУ әскери-техникалық факультетінің 4 курс студенті Николай Солин және тағы басқалары болды. Мемлекеттік тілді насихаттайтын үздік этномәдени бірлестік болып Қарағанды облыстық «Видергебурт» неміс орталығы атанды.