Қарағанды облысының әкімі шенеуніктерді театрға жиі баруға үндеді
85 жылдық мерейтойын атап өткен Сәкен Сәйфуллин атындағы театр сахнасында сөз сөйлеген облыс басшысы, шенеуніктерді мәдени шараларға барудан тартынбауға шақырды.
«Бүгінде өңірімізде Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы белсенді жүзеге асырылуда. Театрлар да аталмыш жалпыұлттық жобаны іске асыруға, сананы жаңғыртуға үлес қоса алады. Егер шенеуніктер театрларға жиі барып тұрса, халықтың проблемаларын жіті сезінетін болады. Себебі театр өнері аса нәзік сезімдерді дамытады, өмірге үйретіп, қандай да бір әрекеттерді ой елегінен өткізуге негіз салады», - деді Ерлан Қошанов.
Қарағанды облыстық қазақ драма театрының іргетасы 1932 жылы қаланған.1964 жылы театрға Сәкен Сейфуллиннің есімі берілді. Театрдың негізін қалаушы әртістер: ҚР еңбек сіңірген артистері З.Көшкінбаев,Ә.Шәймерденов, Т.Жабаев, ҚР халық артистері Ж.Шашкина, Н.Атаханов.
Туындыларды сахналауға Б. Атабаев, М. Бекхожин, М. Байсеркенұлы, А. Дүйсебаев, Ж. Есенбеков, М. Қамбаров, М. Қосыбаев, А. Күлданов, А. Мамбетов, Е. Обаев, Г. Оганесян, Ж. Омаров, А. Оразбеков, А. Сәлімбаев, Е. Тәпенов, А. Тоқпанов, Т. Тұңғышбаев сынды режиссерлардың қосқан еңбегі зор.
Театр түрлі сайыстар мен фестивальдарда үлкен жетістіктерге қол жеткізіп келеді.