Қарағанды облысының әкімі Универсиада Алауымен 200 метрге жүгірді
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда Универсиада Алауы эстафетасын облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков ашты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бұрын хабарланғандай, Қарағанды облысында 28-ші қысқы Универсиада-2017 Алау эстафетасы Теміртауда - ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алғаш еңбек жолын бастаған мекенінде басталды. Алауды домна пешінен металлургтер жақты.
Алаугерлер Теміртаудан Алау қорғаушыларымен және еріктілермен бірге Қарағандыға келді. «Шахтер» стадионының маңында салтанатты митинг өтті.
Теміртау мен Қарағанды әкімдері алауды өңір басшысына табыстады.
«29 қаңтар күні, Универсиада Алауы Алматыда жағылған күні оған қарағандылық бөлігі келіп қосылады. Бұл алауда әрбір қарағандылықтың жүрегінің жылуы бар», - деді Әбдібеков құттықтау сөзінде.
Өңір басшысы эстафетаның алғашқы 200 метрін жүгіріп өтіп, алауды ҚарМТУ студенті Сергей Ивановқа табыстады.
Қарағандыда жоғары оқу орындарының ең үздік 60 студенті алаугер ретінде таңдалып алынды. Облыс орталығындағы эстафетаның маршруты 9 шақырымды құрайды. Қала алаңдарында және университеттер маңында флешмобтар өтуде.
Алау эстафетасы «Қарағанды Арена» Мұз сарайында аяқталады. Шара соңында жергілікті мәнерлеп сырғанаушылар мен хоккейшілер, Омбыдан келген ресейлік балет әртістерінің қатысуымен мұз шоуы өтеді.
Алауды кешке арнайы шыны сауытқа салып, Алматыға ұшақпен жібереді. Оны Алау эстафетасының техникалық делегаты, жас боксшы Абылайхан Жүсіпов алып барады.
