Қарағанды облысының әкімі жалақы бермей, қарызданған жұмыс берушілерді коммуналдық игіліктен айыруды ұсынды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков жалақыдан қарызы жинақталған жұмыс берушілерге қысым көрсетудің жаңа тәсілін ойлап тапты.
«Бұл жағдай алаңдаушылық тудыруда, атқарушы билік жедел ден қойып, әлеуметтік қысымды болдырмау, еңбек дау-дамайының туындауының алдын алу бойынша сақтандыру шараларын қабылдауы қажет. Егер қызметкер уақтылы жалақы алмаса, оның коммуналдық қызметтер бойынша қарызы пайда болады. Бұл қызметкердің қарызы ақша төлемей отырған жұмыс берушіге бататындай тәсіл болғаны дұрыс. Мұны қалай жасауға болады? Бәлкім, сот шешімімен оның коттеджіндегі электр энергиясын, суын сөндірейік, ол қарамағындағы жұмысшыға толық жауапкершілікті өткеретінін түсінуі тиіс», - деді Н. Әбдібеков аппараттық мәжілісте.
Өңір басшысы жұмыс берушілерді сабасына түсіруді тапсырды. «Баспасөз арқылы мұндай «батырларды» барынша көбірек жариялау қажет». Облыс әкімі еңбек инспекциясына осындай тапсырма берді.
Еңбек инспекциясы басқармасының мәліметтеріне сәйкес уәкілетті орган 8 айда 836 кәсіпорын мен ұйымдарды тексерді. 1800-ден астам азаматтар шағымын қарады. Тексеру қорытындысында 1331 бұзушылық анықталып, 419 нұсқама шығарылды. 87 пайыз заң бұзушылық жойылды. Тексеру нәтижесі бойынша 233 заңды және лауазымды тұлғаға жалпы сомасы 30, млн теңге айыппұл салынды.
Жыл басынан бері кәсіпорын басшыларынан жалпы сомасы 14,1 млн теңгеге 91 әкімшілік айыппұл өндіріп алынды.