Қарағанды облысының әртістері марапатталды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандылық төрт әртіс «Дара» арнайы медаліне ие болды. Осылайша, сахна қызметкерлерінің еңбегін Қазақстан театр қайраткерлері одағы жоғары бағалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Медаль иегерлерінің бірі Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының жетекшісі, халықаралық байқаулардың лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Амантай Ыбраев болды. Ол аталмыш театрды 20 жылдан астам уақыт басқарды . Сонымен қатар ол әлі күнге дейін әкімшілік жұмысты актерлік еңбегімен бірге алып келеді.
Сондай-ақ, С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының аға әртісі Мекен Қисықовқа да «Дара» медалі табысталды. Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері бірнеше рет наградамен, оның ішінде «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Қарағанды мемлекеттік Халықтар достығы ордені орыс драма театрында актер Павел Кондратьев те «Дара» медаліне ие болды. Театр сахнасында ол тоғыз жылдан бері өнер көрсетіп келеді.
Қарағандымен қоса, медаль Жезқазғандағы өнер майталмандарына табысталды.
Серік Бұлғақбаев өмірінің 40 жылдан астам уақытын Жезқазған қаласындағы С. Қожамқұлов атындағы Қазақ музыкалық драма театрына арнаған. Ол ҚР еңбек сіңірген әртісі, республикалық театр фестивальдерінің лауреаты, мәдениет саласының үздігі.


