Қарағанды облысының ауылынан есірткі плантациясы анықталды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында полиция қызметкерлері ауыл тұрғынынан 7291 түп қарасора және 6 қап кептірілген марихуана тәркіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қарағанды облыстық Полиция департаменті мен Есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Қарасора» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Шет ауданына қарасты ауылдардың бірінің тұрғыны құрамында есірткі бар «қарасора» өсімдігін өсірумен айналысатынын анықтады.
«30 маусым күні оқиға орнына барған жедел-тергеу тобы қызметкерлері аталған ақпаратты растады.
62 жастағы ауыл тұрғынының жеке үйінің ауласынан полиция қызметкерлері құрамында есірткі бар қарасора өсімдіктерінің плантациясын анықтады», - деп мәлім етті Қарағанды облыстық ПД баспасөз қызметі.
Жедел тергеу тобы қызметкерлері оқиға орнынан 7291 түп есірткі өсімдігін тәркіледі. Сондай-ақ, қора ішінен полиция қызметкерлері 6 қап қарасора және марихуана есірткісіне ұқсас заттар салынған 2 шөлмек тәркіледі.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 300-ші бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізілуде.