Қарағанды облысының автожолдарында 11 адам құтқарылды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – 7-8 ақпанда ауа райының нашарлауына байланысты Қарағанды облысында барлық бағыттар бойынша барлық автокөлік түрлері үшін қозғалыс жабылды. Елді мекендерден тыс жерлерге шыққан бірнеше адам қауіпті жағдайға тап болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысының автожолдарында 11 адам құтқарылды

7 ақпан күні сағат 10:37-де Қарқаралы ауданында «Қарағанды-Аягөз-Бұғаз» автожолында рульді басқара алмаған автокөлік жүргізушісі жол жиегіне шығып кетіп, көлігі аударылып қалған. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. ТЖД күшімен 3 адам құтқарылып, Қарқаралы қаласына жеткізілді. Құтқарылғандар медициналық көмекке мұқтаж болмады.

8 ақпан күні сағат 02:50-де Қарқаралы ауданында жергілікті маңызы бар «Аманжолов-Аққора» автожолында, Қарқаралы қаласынан 60 шақырым жерде ТЖД күшімен қар құрсауынан 2 жеңіл автокөлік шығарылды, олардың ішінде 8 адам, оның ішінде 3 бала болды. Медициналық көмек қажет болмады.

Қарағанды облысы ТЖ департаменті облыс аумағында дауылды ескерту әрекет ететіндігін еске салады.

Жүргізушілерге автожолдардағы қозғалысты жабу немесе шектеу туралы ақпаратты қадағалауға кеңес беріледі.

Құтқарушылар қозғалыс жабылған кезде көлік құралдарының автожолдарда жабылу орындарында жиналмауын, мүмкіндігінше елді мекендерде, кемпингтерде немесе жол бойындағы кафелерде болуын сұрайды.

Ауа райының өзгеруі және автожолдардың жағдайы туралы жедел ақпарат «Darmen» мобильдік қосымшасында, ТЖД ресми сайтында қолжетімді.

Оқиғалар мен ТЖ фактілері туралы 112 немесе 8 (7212) 43 36 36, 43 37 37 телефондарға хабарласуға болады.