Қарағанды облысының Ботақара кентіне 120 жыл толды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының Ботақара кентіне биыл 120 жыл толды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен атаулы датасына орай аудан орталығының мәдениет үйінде «Киелі мекенім – Ботақара» атты мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысының Ботақара кентіне 120 жыл толды

Мерекеге жергілікті тұрғындар мен ақсақалдар, кенттің бұрынғы басшылары мен Бұқар Жырау ауданының әкімі Сержан Аймақов қатысты. Сондай-ақ, іс-шараға басқа елдерде тұратын Ботақара кентінің тумалары да қосылды. Шара барысында шынайы құттықтаулар мен әсерлі естелік әңгімелер айтылды.

«Ботақара – ауданымыздың ең тығыз елді мекендерінің бірі. Мұнда алты мыңнан астам адам тұрады. Ауылдың тарихы мен мұрасы өте бай, оны ұмытпау керек. Сондай-ақ, біз ауданымыздың заманауи, жайлы және гүлденген елді мекен болуы үшін барлығын жасауымыз керек», – деді Сержан Аймақов.

Мерейтой жылы Ботақара кентінде он бір көшеге жарық берілді. Сондай-ақ, үш заманауи балалар алаңы орнатылып, көп қабатты тұрғын үйлердің екі ауласы абаттандырылып, Ботақара станциясында шағын футбол алаңы ашылды. Келесі жылы кентішілік жолдарды жөндеу жоспарлануда.

Мерейгер ауыл 1901 жылы құрылған. Бастапқыда ол Санниковское ауылы деп аталды. Осы күнге дейін елді мекен бірнеше рет атауын өзгертті. Ол 1961 жылы кент мәртебесін алды. Ал 1997 жылы оған аңыз бойынша ХVIII ғасырда қалмақтармен шайқас кезінде қазақ жауынгерлерінің басында тұрған Нарбота батырдың құрметіне Ботақара атауы берілді.