Қарағанды облысының дəрігерлері есірткілік препараттарды заңсыз тағайындап келген

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында құрамында есірткі заты бар препараттарға рецептілерді  заңсыз беру фактілері анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қарағанды облысының дəрігерлері есірткілік препараттарды заңсыз тағайындап келген

26-30 наурыз аралығында «Допинг» жедел-алдын алу шарасы өтті. Есірткілік және жүйкеге əсер ететін заттар мен прекурсорлармен айналысуға лицензиясы бар 17 нысан тексеріліп, 37 заң бұзу дерегі анықталды.

27 наурызда Қарағанды және Теміртау қалаларында жүргізілген рейдтер кезінде жүйкеге әсер ететін заттарды алуға құқық беретін құжаттардың болмауы және заңсыз рецепт беру фактілері анықталды. Осы фактілер бойынша ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 322-бабына сәйкес іс қозғалды. Шара барысында осындай тағы үш дерек анықталды.

30 наурыз күні Сәтбаев қаласындағы дәріханалардың бірінде 10 дана «Т» дәрілік құралының рецептісін беру фактісі анықталды. Препаратты есірткіге тәуелді адамдар қабылдайды. Осы факті бойынша материалдар мекеме басшысын әкімшілік жауапқа тарту үшін Қарағанды облысының Қоғамдық денсаулықты сақтау департаментіне жіберілді.

Бұдан бөлек, ҚР ҚК 296-бабы бойынша есірткі заттарының заңсыз айналымына байланысты 11 заңбұзушылық анықталып, осы іс бойынша ұсталғандарға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр.