Қарағанды облысының экономикасы 2016 жылы 1,9 пайызға артады - аймақ басшысы
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының экономикасы 2016 жылы болжам бойынша 1,9 пайызға өседі, деп хабарлады бүгін аймақтық орталық коммуникациялар қызметінің брифингісінде облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков.
«Облыс жұмысының тиімділігін бағалап, жауапкершілікті арттыру үшін ҚР Премьер-Министрімен 2016 жылға арналған жеті негізгі көрсеткішті арттыру жөнінде меморандумға қол қойдық. Облыс экономикасы 1,9 пайызға, жан басына шаққандағы инвестицияның өсімі 15,2 пайызды, жергілікті бюджеттен салық пен өзге де көздерден түсетін кіріс 3,3 пайызға артады деп жоспарлап отырмыз. Әлеуметтік салаға келер болсақ, жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз деңгейінде сақталып, халықтың өмір сүру жасын 70 жасқа жеткіземіз», - деді облыс басшысы.
Аймақ басшысы атап өткендей, билік сондай-ақ мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру күш салады. Облыстың негізгі бағдарламалық құжаттары жаңа форматта әзірленіп, бекітілген екен. Негізгі құжаттарды атар болсақ, бұл - Қарағанды облысының 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасы мен әлеуметтік-экономикалық даму болжамы.