Қарағанды облысының этномәдени бірлестіктеріне 17 млн теңгеге жуық сыйлық табысталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының этномәдени бірлестіктеріне өңір басшысының жалпы сомасы 16,8 млн теңгені құраған сыйлығы берілді. Оны облыс әкімі Ерлан Қошанов  салтанатты түрде табыс етті, деп хабарлайды аймақ басшысының ресми сайты.

Қарағанды облысының этномәдени бірлестіктеріне 17 млн теңгеге жуық сыйлық табысталды

Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Достық үйінде кездесу өтті. Қатысушылар алда келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясының мәселелерін талқылады. Шара 28 сәуірде Астана қаласында өтеді.  

«Қарағанды облысы атынан ҚХА сессиясына 42 делегат барады. Олардың барлығы бүгін осында. Білесіздер ме, кез келген аймақ, кез келген елді мекен өзінің тұлғасына ие. Біздің аймақтың ерекшелігі - оның көпұлттылығында. Біз дағды болып кеткен бір сөздерге үйреніп қалғанбыз: «Ежелгі Сарыарқа жерінде бейбітшілік пен татулықта әлемнің 100-ден астам ұлттары өмір сүріп жатыр» деген. Алайда, егер бұл сөздерге тереңірек үңілсек, бұл қандай байлық екенін түсінесіздер. Себебі татулық біздің күшіміз. Дәл осы достығымыз кез келген саладағы жетістіктеріміздің негізінде жатыр», - деді облыс әкімі, Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясының төрағасы Ерлан Қошанов. 

Аймақ басшысы Достық үйінде облыстық ҚХА-ның «алтын қорын» құруды тапсырды, оған бірегей қоғамдық институттың құрылуының қайнар көзінде тұрған жерлестеріміз ұсынылады. 

Кездесуде Қарағанды облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Виталий Хмелевский, «Lituanica» қоғамдық ұйымының төрағасы, ҚР-ғы Литва Республикасының Құрметті консулы Виталий Тварионас, Қарағанды облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы қайырымшылар және тәлімгерлер клубының төрағасы Сергей Водько, «Жаңғыру жолы» ҚХА республикалық жастар қозғалысының аймақтық штабының төрағасы Александр Урмашов сөз сөйледі. 

"Ұлтым орыс. Қазақ мектебінде жұмыс істеймін, математика пәнін ағылшын тілінде оқытамын. Ол жерге ЖОО тәмамдаған бетте келіп, осымен 10 жыл бойы қызмет етіп келемін. Қазақ тілін біздің оқу ордамыздағы тиімді ортада жүріп үйреніп алдым. Менің оқушыларым мен әріптестерім қазақ тілін меңгеруіме көмектерін көрсетеді», - деді Н.Нұрмақов атындағы №2 дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың ұстазы Екатерина Нипрук. 

Бизнес өкілдері атынан «Центрпромстрой» ЖШС жетекшісі Михаил Коновалов сөз сөйледі. Ол өз отбасының тарихын баяндап берді, және де кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау механизмдеріне жіті тоқтала кетті. 

"Мен экономика саласында мемлекеттік қолдаудың қаншалықты мықты екенін көріп отырмын. Пайыздық мөлшерлемені субсидиялау көптеген қазақстандықтарға өз ісін бастап, елімізідің дамуына үлес қосуға мүмкіндік берді. Біздің жалпыұлттық міндетіміз - Қазақстанның дамыған экономикасы бар 30 дамыған елдер қатарына енуіне септігімізді тигізу", - деді бизнесмен. 

Айта кеткен жөн, жыл сайын этномәдени бірлестіктердің дамуына облыс әкімінің сыйлығы табыс етіледі. Оның көлемі - 700 мың теңге. 

Ерлан Қошанов сыйлықты 24 облыстық этномәдени бірлестіктерге табыстады. Бұл қаражат ұлттық-мәдени орталықтарды дамытуға жұмсалады. 

Кездесу соңында этномәдени бірлестіктердің көркемөнер ұжымдарының қатысуымен концерт өтті.