Қарағанды облысының кәсіпкерлері үшін бөлшек салық мөлшерлемесі 2%-ға дейін төмендейді

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында жеке тұлғаларға сату кезінде бөлшек салық мөлшерлемесі 4-тен 2%-ға дейін төмендетіледі. Жаңа ереже бөлшек салықтың арнайы салық режимін қолданатын кәсіпкерлерге әсер етеді. Бұл кәсіпкерлерге салық жүктемесін жеңілдетуге және өңірдегі бизнес-ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде бөлшек салықтың арнайы режиміне қатысты және жергілікті өкілді органдарға төлемнің базалық мөлшерлемесін 50%-ға төмендетуге мүмкіндік беретін салық заңнамасына түзетулер 30 мамырда күшіне енді.

Қарағанды облысының басшысы, қалалар мен аудандардың әкімдері депутаттық корпуспен бірлесіп, бөлшек салықтың арнайы режимін қолдану кезінде салық мөлшерлемесін 4-тен 2%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады.

«Республикада кәсіпкерлер үшін бөлшек сауда салығын 4-тен 2%-ға дейін төмендеткен бірінші болып Қарағанды облысының Шет ауданы болды. Абай ауданында да БСМ мөлшерлемесін төмендету туралы шешім қабылданды. Осы жылдың 1 шілдесіне дейін Қарағанды облысының барлық аумағында бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету жоспарланып отыр», - деді аймақтағы кәсіпкерлік басқармасының басшысы Дастан Құдабаев.

Бизнесті қолдаудың бұл шарасын қызметтің 190 түрі бойынша 35 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі пайдалана алады. Бұл ретте олардың қызметкерлерінің саны 200 адамнан, ал жылдық табысы 600 мың АЕК-тен аспауы керек.

Бөлшек салықтың төмендетілген ставкаларын қолдану 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап ретроспективті түрде енгізілді.


Соңғы жаңалықтар