Қарағанды облысының коронавирустың ықтимал екінші толқынына дайындығы қандай
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Күн сайын 20-25 жұқтырған адам анықталады, олардың шамамен 40% ауру белгілері жоқ. Бұл туралы Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгінгі күні Қарағанды, Теміртау, Саран, Абай, Шахтинск қалаларында және Абай ауданында індетті жұқтыру жағдайларының аздап артуы байқалады.
Пандемия басталғаннан бері облыста барлығы 11 143 адамнан коронавирус тіркеліп, 10666 науқас (95,7%) сауығып кетті.
«Қараша айында 70 212 ПТР-зерттеу жүргізілді, 528 жағдайда инфекция анықталды (қазан айында – 52 мың ПТР-тест, 300-інде инфекция анықталды). Стационарларда 133 науқасты емдеу жалғасуда. Ауруханалардағы төсектердің жүктелімі 3,5% аспайды», - деп хабарлады Ержан Нұрлыбаев Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингінде.
Облыста денсаулық сақтау жүйесін коронавирус инфекциясының ықтимал жаңа толқынына дайындаудың жедел жоспарын іске асыру аяқталуда. Жалпы қуаттылығы 4 715 төсек-орынды құрайтын 45 госпиталь, оның ішінде 366 реанимациялық госпиталь бар. 25 госпитальде медициналық газ таратудың орталықтандырылған жүйесі (барлығы 710 нүкте) орнатылған.
«288 мобильді бригада дайын. Тәулігіне 10 мыңнан астам зерттеу жүргізуге мүмкіндігі бар 10 ПТР-зертхана жұмыс істейді. 18 компьютерлік томограф жұмыс істейді, тағы 4-еуі орнатылу барысында (Жезқазған, Сәтбаев, Шахтинск, Балқаш)», - деп толықтырды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
Сонымен қатар, ауруханалар мен емханаларда 3 айлық дәрі-дәрмек қоры жасақталған.
Кадрлық мәселелерге келетін болсақ, Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта 6,5 мыңнан астам медицина қызметкері дайын. Облыста кадр тапшылығы жоқ.