Қарағанды облысының полициясы қатарында 23 интернационалист-жауынгер қызмет атқарса, ІІБ-нің 27 ардагері Ауғанстандағы соғысқа қатысқан
Қазіргі таңда Қарағанды облысы полициясының қатарында 23 интернационалист-жауынгер қызмет атқарып жүр, деп аталып өтілді кездесу барысында. Облыстық ішкі істер бөлімінің 27 ардагері де Ауғанстандағы соғыс отын көрген.
«Осы соғыстан оралған адам ғана бейбіт өмірдің бағасын біледі», - дейді жиынға қатысқан жұртшылық.
Жиналған қауым алдында облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Нұрлан Рахымберлин сөз сөйледі. «1989 жылдың ақпан айында бұл ұзақ соғыстың оты сөнді. Ауғанстандағы соғыс тоғыз жыл, бір ай және 19 күнге жалғасқан. Содан бері 22 жыл өтті. Жүректерінде үлкен жара қалған соғыс жауынгерлері де қартайды», - деді ол.
Ауған соғысына қатысқан жауынгерлер ІІД басшылығы атынан бағалы сыйлықтарға ие болды.
Ауған соғысына қарағандылық 2000-нан астам жауынгер қатысқан. Олардың арасында 76 отандасымыз үйіне оралмады. 1990 жылдың 5 қарашасы күні Қарағандыда интернационалист-жауынгерлерге арналып ескерткіш ашылған болатын.