Қарағанды облысының прокуратурасы лаңкесті Өзбекстанға экстрадициялауға көмектесті
АСТАНА. Қазанның 21-і. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының прокуратурасы Өзбекстан азаматы болып табылатын лаңкесті экстрадициялауға көмектесті,
деп хабарлайды Қазақстанның бас қадағалаушы органының баспасөз қызметі.
Прокуратураның хабарламасында осы жылғы сәуірдің 22-сі күні Сәтбаев қаласы ішкі істер бөлімі мен Жезқазған қаласы Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын өткізу барысында Өзбекстан Республикасының азаматы Сейдахмед Холматовты қолға түсірді, делінген.
Қадағалаушы органның мәліметі бойынша, ұсталған адамға қылмыстық топ құрып, ұлттық, нәсілдік және діни араздық тудырғаны үшін, лаңкестік, діни, экстремистік және басқа да тиым салынған ұйымдарға қатысып, оған жетекшілік жасап, осындай ұйым құрғаны үшін қылмыстық іске тарту бойынша Өзбекстан Респбуликасының Әндіжан облысы ІІБ тергеу басқармасының тергеу тобы іздеу салған.
Оны тұтқындауға 2010 жылы сәуірдің 25-і күні Сәтбаев қалалық сотының қаулысымен санкция берілген.
«Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Өзбекстан Республикасы Бас прокуратурасының талаптарын қарап, қылмыскерді беру туралы шешім қабылдады», - делінген баспасөз қызметінің таратқан ақпаратында.