Қарағанды облысының шалғай ауылдарының тұрғындарына медициналық көмек көрсетілді
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Қарағанды облысының Нұра ауданында болды. Шұбаркөл кенті мен Баршын, Тікенекті, Талдысай, Соналы, Жанбөбек және Құланөтпес ауылдарының тұрғындары тегін медициналық көмек алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Олар жалпы тәжірибе дәрігері, стоматолог, офтальмолог, ЛОР-дәрігер, хирург, уролог, невропатолог және басқа да білікті мамандардың тексеруінен өтті.
Пойыз заманауи диагностикалық және емдік жабдықтармен, ультрадыбыстық аппаратурамен, флюорографиямен, зертханамен, интернетке сымсыз қосылуға арналған байланыс құралдарымен жабдықталған.
«Біздің төрт баламыз бар. Отбасымызбен түгелдей денсаулық пойызына бардық. Балаларды тіс дәрігері және хирургке, ЛОР-дәрігерге көрсеттік. Мамандар сауатты, бәрін түсіндірді. Мұндай пойыздың бізге жыл сайын келуі өте маңызды. Аудан орталығы бізден 400 км қашықтықта», – дейді Шұбаркөл кентінің тұрғыны Жанна Мейрамова.


«Мен тек бір дәрігердің қарауынан өтуді жоспарлаған едім, бірақ барлық мамандардан өттім. Бұл өте ыңғайлы. Екі күннің ішінде ауданның көптеген тұрғындары медициналық көмек, тағайындаулар мен дәрі-дәрмектерге рецепт ала алды. Көбі өз балаларын көрсетті, мектеп алдында медициналық тексеруден өтті», – деп бөлісті Шұбаркөл кентілің тағы бір тұрғыны Баян Өтебаева.

«Саламатты Қазақстан» – «Медициналық пойыздар» қайырымдылық жобасының бір бөлігі. Жобаның басты мақсаты сапалы медициналық қызмет көрсетуге қол жеткізе алмайтын шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарын тегін медициналық тексеру және диагностикалау болып табылады.


