Қарағанды облысының тағы екі ауданында жылжымалы дәріханалар іске қосылды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының Жаңаарқа және Қарқаралы аудандарында қазан айында жылжымалы дәріхана пункттері іске қосылды.

Қарағанды облысының тағы екі ауданында жылжымалы дәріханалар іске қосылды

Олар шалғай елді мекендердің тұрғындарына дәрілік заттар мен медициналық өнімдерді жеткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы уақыт ішінде ауыл тұрғындары жылжымалы дәріханалардың артықшылығын бағалап үлгерді. Тұрақты дәрі-дәрмектерді қажет ететін науқастарды енді аудан орталығына апарудың қажеті жоқ. Жылжымалы дәріханалар оларды тұрғындарға кесте бойынша жеткізеді.

«Қарқаралы ауданының тұрғындары жылжымалы дәріхана пункттерімен жеткізілетін барлық қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілді. Бұл жасы мен елді мекендердің қашықтығына байланысты дәрі-дәрмектерді уақытында ала алмайтын біздің пациенттер үшін үлкен көмек», - дейді Қарқаралы аудандық ауруханасының мамандары.

Жаңаарқалықтар да жылжымалы дәріхана қызметін белсенді пайдаланады. Тұрғындар бұл уақыт пен бюджетті айтарлықтай үнемдейтінін айтады.

Естеріңізге сала кетейік, алғашқы жылжымалы дәріхана пункттері өткен жылы Ұлытау және Ақтоғай аудандарында жұмыс істей бастады.