Қарағанды облысының тұрғындары 7-Қысқы Азия ойындарының Алау эстафетасын асыға тосуда

АСТАНА. 17 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Қарағанды облысының тұрғындары 7-Қысқы Азия ойындарының Алау эстафетасын асыға тосуда. Облыстан таңдап алынған 60 алаугер Азиада алауын Қарағанды және Теміртау қалаларында алып өтеді.

Қарағанды облысының тұрғындары 7-Қысқы Азия ойындарының Алау эстафетасын асыға тосуда

Алау 28 қаңтар күні Талдықорған қаласынан ұшақпен жеткізіледі. Эстафетаның Қарағанды қаласы бойынша жалпы ұзындығы 9 шақырымды құрайды. Оның бағыты Тәуелсіздік ескерткіші орнатылған Жеңіс саябағынан басталып, қаланың ең көрнекті жерлерімен атап айтқанда, Н.Әбдіров, Бұқар жырау және Абай ескерткіштері мен С.Сейфуллин атындағы театр орналасқан көшелермен өтіп, «Шахтерлар» стадионында мәреге жетеді.

Ал Теміртау қаласында эстафета 3 шақырымға созылады. Ол Металлургтер көшесіндегі мешіт ғимаратынан бастау алып, Металлургтер ескерткішін бойлай Республика даңғылымен Мұз айдыны спорт сарайына келіп тоқтайды.

Алаугерлердің арасында пост кеңестік кезеңде және тәуелсіз Қазақстан шежіресінде ел намысын асқақтатқан спортшылар атап айтқанда, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері Серік Нұрқазов, жеңіл атлетика бойынша Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Дмитрий Карпов, бокстан ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Серік Елеуов, шаңғымен жарыс және биатлон бойынша КСРО-ның екі дүркін чемпионы Сергей Гришин, биатлоннан КСРО спорт шебері Ревгер Скупов, конькимен жүгіру спорты бойынша КСРО-ның спорт шебері нормативін орындаған ҚазКСР-дағы алғашқы әйел Роза Жұмаділдина, пауэрлифтингтен Қазақстанның алты дүркін чемпионы, жастайынан мүгедек Олег Пузиков бар.

Алаугер болу құрметі сонымен бірге, металлургия және көмір өндіру саласына еңбектері сіңген қайраткерлер мен эстрада жұлдыздары, қоғам қайраткерлері ие болды. Олардың ішінде отандық эстрада жұлдыздары, ерлі-зайыптылар Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Тілеухан бар.

Алаугерлердің қатарында сондай-ақ, «ҚазАқпарат» агенттігінің тілшісі, Қысқы Азия ойындарының Алау эстафетасын насихаттау бойынша журналистер арасында өткен республикалық байқаудың жеңімпазы Гүлмира Әлиакпарова бар.

Азиада Алауы Қарағанды облысынан кейін автоколоннамен Астанаға жеткізілетін болады.