Қарағанды облысының тұрғыны Астанаға бір келіге жуық героин өткізбекші болды
Бұл туралы астаналық ІІД-нің баспасөз қызметінен хабарлады.
Қала кіреберісіндегі «Қызыл-Жар» бекетінде Астана қалалық ІІД-нің есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Қарағанды-Астана бағытымен келе жатқан шағын жолаушылар автобусын тексерді. Жолаушылар мен олардың жеке заттарын арнайы иттің көмегімен тексеру кезінде кір жуу ұнтағының қорапшасында есірткі заты анықталды. Ол автобус жолаушыларының бірі, Қарағанды облысының 36 жастағы тұрғынының заттарының арасынан табылды.
Өткізілген сараптаманың нәтижесінде, табылған зат салмағы 813 грамнан асатын, бағасы шамамен 2,5 млн. теңгені құрайтын «героин» есірткілік заты екендігі анықталды. Сондай-ақ ұсталған әйел бұған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылғандығы белгілі болды.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 259-бабы, 2-бөлімімен қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған азаматша Астана қалалық ІІД-нің уақытша ұстау абақтысына қамалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.