Қарағанды орталық саябағындағы көл суының құрамында зиянды заттар жоқ - экологтар
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды қаласының орталық саябағындағы көлге құйылған судың құрамында ластайтын заттар табылған жоқ. Экологтар зертханалық зерттеулерден кейін осындай қорытынды жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орталық саябақ көліне су жіберу фактісі бойынша, 27 қазанда Экология департаментінің мамандары су жіберілген орынды қарап шықты. Тексеру барысында көлге диаметрі 800 мм полипропилен құбырынан саз аралас су ағызылып жатқаны анықталды, сондай-ақ орталық саябаққа кіреберісте Жауынгер-интернационалистер көшесі бойындағы жол жиегінде құбырлар ауыстырылғаны белгілі болды.
«Қарағанды Су» ЖШС хабарлағандай, 27 қазаннан бастап құбырларды сығымдау, жуу бойынша технологиялық іс-шаралар жүргізілуде. Бұл су таратқыштың жаңа желісін пайдалануға беру кезінде орындалатын міндетті шара.
«Зертхана-сараптамалық бақылау бөлімі су сынамаларын алды. Зерттеу жүргізу кезінде нәтижелер су айдындарына зиянды болып табылатын мәдени-тұрмыстық мақсаттағы ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясымен салыстырылды. Алынған нәтижелер ағызылатын судың құрамында шаруашылық-тұрмыстық ластану белгілерінің жоқ екенін көрсетті», - деп хабарлады Қарағанды облысының экология департаментінің өкілдері.
Естеріңізге сала кетейік, қарағандылықтар әлеуметтік желілерде жарияланған видеоға қатысты наразылықтарын білдірген болатын. Бейнеде Орталық саябақтың көліне лас судың ағызылып жатқанын көруге болады. Қала билігі бұл су жаңа магистральдің құбырларын жуғаннан кейін ағызылған таза су екенін айтып, тұрғындарды сабырлыққа шақырды.