Қарағанды полициясында тәлімгерлік институты жанданды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облыстық ішкі істер департаментінде Теміртау қаласындағы ІІМ оқу орталығында алғашқы даярлаудан өткен 18 жас офицерді тағайындау жөнінде бұйрыққа қол қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жаңадан шақырылған офицерлер облыстың Ішкі істер департаментінде тәлімгерлерімен кездесті. Осыған орай, полицияда тәлімгерлік институты қайта жанданды. Жыл бойы жас қызметкерлер аға әріптестерінің қамқорлығында жұмыс жасайтын болады.
Президент елде тәртіп орнатуды және заңның сақталуын саясаттың басты міндеті ретінде қарастырады. Елбасы өз сөзінде мемлекет тіршілігінің кез келген саласында заң үстемдік еткен жағдайда және адам құқығы қорғалғанда ғана азаматтардың билікке, оның ішінде ішкі істер органдарына деген сенімі артатынын жиі айтады.
«Елде сәйкес құқықтық тәртіп орнатуға кәсіби даярлығы жоғары, сол тәртіп пен моральдық қағидаларды қатаң сақтанатын адамдар ғана қабілетті», - деді облыстық ІІД басшысының орынбасары Ардақ Ынтықбаев жас қызметкерлерге.
Айта кету керек, жаңа қызметкерлер қарағандылық полицияның әртүрлі салаларында жұмыс жасайтын болады. Олар учаскелік инспекторлардан тергеушіге дейін қызмет атқара алады.
