Қарағанды саябақтарының өңі кіріп қалды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды парктері мен саябақтарының өңі кіріп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Мәдениет, демалыс саябақтары және гүлзарлар басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қарағанды саябақтарының өңі кіріп қалды

«Мәдениет, демалыс саябақтары және гүлзарлар басқармасы» ММ-нің жұмысшылары соңғы уақытта таяудағы тексеріс кезінде табылған олқылықтардың орнын толтырумен айналысты. Тексеріс барысында субұрқақтардың сыртқы плиталарына, тротуар жолдарына, қоқыс пен көшедегі орындықтарға, қоқысқа арналған урналарға, кішігірім сәулет мүсіндеріне қатысты ескертулер жасалды. 

«Нүркен Әбдіров даңғылындағы кеспе жол жөнделді, отыратын орындықтарды түзеп, қатайттық, сондай-ақ, қоқысқа арналған урналар ауыстырылды. Дәл осындай жұмыстар Жеңіс саябағы мен Орталық саябақта да жүргізілді. Субұрқақтың мозаика-плиткасы сынып кеткен. Жетпейтін жерлері қайта орнатылды. Сондай-ақ, «Жастар» Мәдениет үйінің маңындағы, «Мәңгілік алау» мемориалының артында орналасқан саябақтағы субұрқақтардың плиталарын жөндедік. Достық көшесінің саябағында тұрған іске жарамайтын балалар әткеншектерін алып тастадық. «Шалқыма» концерт залының маңындағы саябақтың тротуар жолдары мен жасанды жабынын қайта қалпына келтірдік. Әсіресе, Медициналық көшесіндегі саябақта көп жұмыс атқарылды. Бұл жерде кіреберіс арка мен ойын заттары, орындықтар, қоқысқа арналған урналар боялды. Сондай-ақ, маңайдағы жабайы арам шөпті түгелдей жұлып тастадық», - дейді «Мәдениет, демалыс саябақтары және гүлзарлар басқармасы» ММ-нің абаттандыру жөніндегі маманы Алмаз Омаров.

Тексеріс кезінде біраз олқылықтар табылғанымен, кәсіпорын қызметкерлері олардың орнын толтыру үшін күн сайын үлкен жұмыстар атқаруда. Жұмысшылар қала тұрғындары демалатын орындарды тазалап, жасыл желекті күтіп-баптап, жөндеу жұмыстарын жасап жүр. 
Қарағанды парктері мен саябақтарының сыртқы көрінісі мен тәртібінің сақталуын басқарма басшысы тікелей өз бақылауына алды.