Қарағанды шаһары Қазақстанның IT-астанасына айналмақ
Өткен жылы «Террикон алқабының» ұйымдастыруымен 150-ден астам іс-шара өтті. Олар жас мамандарға жаңа білім алуға, ал тәжірибелі кәсіпкерлерге әріптестерінің тәжірибесін қабылдауға, кейстерді зерттеуге, серіктестер мен инвесторларды табуға мүмкіндік берді.
Шамамен бір жыл бұрын Terricon school заманауи бағдарламалау мектебі іске қосылды. Ол Astana Hub «Tech Orda» IT-стартаптар халықаралық технопаркінің бағдарламалау мектептерін қаржылық қолдау бағдарламасына қатысады.
Қазіргі уақытта мұнда оқытудың төрт бағыты бойынша 54 адам білім алуда. Биылғы жылы дизайн, Python, PHP, С#, Kotlin сияқты бағыттар бойынша дайындық курстарын енгізу жоспарлануда.
Биыл 150-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Ерте кезеңдегі жобаларға инвестициялау үшін венчурлік қор құру, жобаларға бірлесіп инвестициялау үшін салалық серіктестерді тарту, бизнес-періштелер қауымдастығын қалыптастыру, MedTech-Акселераторын өткізу, хаб кеңістігін кеңейту және R&D-орталығын ашу жоспарлануда.
«Қазіргі уақытта «Террикон алқабында» 60–70 орындық екі дәріс залы бар. Сондай-ақ ақылы және ақысыз коворкингтер мен подкаст студиялары бар. Біздің басты мақсатымыз – 2025 жылға қарай 10 мың ІТ-мамандарды оқыту. Ол үшін қаламыздың жоғары оқу орындары мен колледждері арасындағы қарым-қатынасты нығайтатын боламыз», – дейді ІТ-Хаб директоры Сабыр Ниязов.