15:31, 12 Маусым 2017 | GMT +5
Қарағанды шенеуніктері қызметтік көлікті жеке мақсатта пайдаланбайтын болады
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында мемлекеттік органдардың барлық қызметтік көліктерінде транспортты жеке мақсатта пайдалануға тыйымды көздейтін белгі пайда болады, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бұл жапсырмалар мемлекеттік қызметшілердің қызметтік көлікті жеке мақсатта пайдалану фактілерін болдырмау мақсатында енгізілеуде.
«Бірінші тамызға дейін жергілікті атқарушы органдардың барлық қызметтік көліктерінде арнайы белгі қойылуы тиіс. Бұл қызметтік көлікті жұмыстан тыс уақытта жеке мақсатта пайдаланатындармен күресуге жәрдемдеседі», - деп хабарлады Қарағанды облысы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметінен.
Жапсырмалар алдыңғы есіктерге - жүргізуші мен жолаушы жағынан жапсырылуы тиіс. Олар ауа райы жағдайларында зақымданбайтын материалдардан жасалды. Айта кетейік, мемлекеттік органдардың қызметтік көліктеріне мұндай белгі тек Қарағанды облысында ғана пайда болады.