Қарағанды тұрғындары «соққыға жығылған» қыздарға көмектесуден бас тартты

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды тұрғындары бөтен адамның басына түскен қиындықтарынан аулақ болып, жәбірленгендерге көмек көрсету үшін полиция шақыруға асықпайды - әлеуметтік эксперименттің қорытындылары осындай, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қарағанды тұрғындары «соққыға жығылған» қыздарға көмектесуден бас тартты

Жергілікті полицияның, Қазақстан Ұлттық Жарты ай қоғамы Қарағанды облыстық филиалының және «Мир добра» қоғамдық бірлестігінің қызметкерлері тұрғындар арасында бөтен біреудің қайғысына ортақтасу, сезімталдық қасиеттерін байқап көрді.

«Қыздардың бірі күйеуінің үнемі ұрып-соғатынын айтып, адамдардан көмек сұрады. Грим шеберлері волонтердың бетіне сынған мұрын, ағып тұрған қанның суретін салып, қолына жөргекке орап қуыршақ сәби ұстатты. Алайда қызға көмектесуге ешкім асыққан жоқ. Азаматтар тек аурухана мен полиция қай жақта орналасқанын көрсетумен ғана шектелді», - дейді жергілікті полиция қызметіндегілер.

Тағы екі актриса көшеде адамдарды тоқтатып, өгей әкесі ұрып-соғатынын айтып, шағымданды. Олардың бірі зейнеткер әйелдің аяғына жығыла жалбарынды. Бірақ адамдар бұған селқостықпен қарады. Тек бір ғана әйел қыздарды полиция бөліміне дейін ертіп барып, кетіп қалды.

Статистикаға сәйкес, Қарағанды облысында жыл басынан бері әйелдер құқығының бұзылуы бойынша 15104 арыз-шағым келіп түскен. Жүргізілген талдау негізінде 18-29 жас аралығындағы 2892 әйел, 30-49 жас аралығындағы 4864 әйел және 49-дан асқан 2915 әйел жәбірленгені анықталды.

Биыл дағдарыс орталықтарының сенім телефондарына 1263 әйел хабарласқан, соның 1042-сі тұрмыстағы күш көрсетуден жапа шеккен.