Қарағанды: Жолаушылар автобусының есігі әйелдің басына құлады
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының Топар кентіндегі автовокзалда автобустың есігі құлап, бір адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Зардап шеккен әйел ауруханаға жеткізілді.
«1963 жылы туған әйел Абай ауданының орталық аудандық ауруханасына жеткізілді. Басынан жарақат алған. Қазір оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр», - деді Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Зардап шеккен әйел Татьяна Мисак қоғамдық көліктің техникалық ахуалына наразылық білдіреді.
«Қарағандыға қатынайтын автобустың есігі кезек күтіп тұрған адамдардың үстіне құлады. Мен ең алдында тұрғам, үлкен темір есік менің басыма құлады. Миым шайқалды, мені ауруханаға жеткізді. Егер менің орнымда жас бала болса, қайғымен аяқталар еді, кім біледі?!», - дейді Татьяна Мисак.
Автобус тиесілі автопарк өкілдері оқиғаның егжей-тегжейін анықтап жатқанын білдірді.