Қарағандыда 10 тұрғын үй кешенінің құрылысы тоқтатылды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда сот шешімімен 10 тұрғын үй кешенінің құрылысы тоқтатылды. Құрылыс салушылар рұқсат құжаттарынсыз жұмысқа кіріскен. Жоспардан тыс тексеруді Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағандыда 10 тұрғын үй кешенінің құрылысы тоқтатылды

«Деректер бізге берілген соң, 10 компанияға жоспардан тыс тексеру жүргізіп, заң бұзушылықтар туралы сотқа шағым түсірдік. Құрылыс салушылар ҚР ӘҚБтК-нің 314-баб «Жобалық құжаттамасыз құрылыс», 321-бабы «Авторлық-техникалық қадағалаусыз құрылыс жүргізу» және 463-бабы «МСҚБ талон-хабарламасысыз құрылыс жүргізу» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Барлығына айыппұл салынды», - деді Мемлекеттік құрылыс инспекторы Думан Қасымжанов.

Егер ескертулер жойылмаса, нысан пайдалануға жіберілмейді және ол қабылдау актісін алмайды.

Рұқсатсыз құрылыс салушылар тізіміне келесі компаниялар кірді:

- «T-K Building» ЖШС («Al-Farabi» ТК);

- «TT INVEST-2022» ЖШС («Хан ТК);

- «Satti Lux Stroy» ЖШС («Нұра» ТК);

- «Baiterek-2022» ЖШС («Аманат» ТК);

- «СМК Group» ЖШС («Baiterek» ТК);

- «Григорян Ш.Н.» ЖК (КТ);

- «TBL building» ЖШС («Tole Bi 2» КТ);

- «Revival Alliance» ЖШС (Ержанов к-сі, 63/2);

- «ККК Бетон» ЖШС («Бақытты отбасы» ТК);

- «Optima-Stroy» ЖШС («Династия» ТК).

Экономикалық сотта қазір 3 тұрғын үй кешенін «өз еркімен салу» деп тану туралы талап-арыздар бар. Бұл – «Al-Farabi», «Хан» және «Нұра» тұрғын үй кешендері.

Сондай-ақ, үлескерлердің қаражатын заңсыз тартқаны үшін 15 компанияға 320-бап бойынша айыппұл салынды. @gaskkrg Instagram әлеуметтік желісінде толық тізім келтірілген. Қазір МСҚБ қарауында осындай заң бұзушылықтар тіркелген тағы екі компания бар.