Қарағандыда 16 қабатты үйде жарылыс болып, тұрғындар эвакуацияланып жатыр

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды қаласында 16 қабатты тұрғын үйде жарылыс болды. Қазір адамдарды құтқару және эвакуациялау жүріп жатыр. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бір кіреберісі бар 16 қабатты 127 пәтерлі үйдің болжам бойынша 8-қабаттағы пәтерінде жарылыс болды.

Оқиға орнына жеткен кезде анықталғандай, 8-қабаттағы пәтер ашық жалынмен жанып жатыр.

Құтқарушылар пәтерлерден адамдарды құтқару және эвакуациялау жұмыстарын жүргізуде.

Үй кіреберісіне түтін қатты тараған.

Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің, шұғыл-құтқару жасағының, Апаттар медицинасы орталығының күштері мен құралдары, барлығы жеке құрамның 50 адамы мен 12 техникасы жұмылдырылды», - делінген ұсынылған хабарламада.

Қауіпсіз жерге шығарылған тұрғындарды жылыту үшін оқиға орнына Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің 3 вахталық автобусы жөнелтілді.


Соңғы жаңалықтар