Қарағандыда 4 қашықтық бойынша жартылай марафон өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 20 мамырда Қарағанды қаласында өтетін «Арманға жол» жартылай марафонының тас жолы Халықаралық марафондар қауымдастығының сертификатына ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстанның Жеңіл атлетика федерациясы сайтына сілтеме жасап.
Екінші рет ұйымдастырылып отырған жартылай марафонға қатысушылар ресми түрде спорттық разрядтарды орындай алады.
Марафонда қатысушылар жасы мен мүмкіндіктеріне қарай төрт қашықтық бойынша жүгіре алады. «Арманға жол» - 21 шақырым, «Спутник» - 14 шақырым, «Достық» -7 шақырым, «Балапан» - 2 шақырым болып белгіленген.
Қатысушыларды ынталандыру мақсатында арнайы жүлде қоры қарастырылған. Жартылай марафонның жеңімпазына 1 миллион теңге беріледі. Сондай-ақ алтыншы орынға дейін келгендерге сыйақы үлестіріледі. Алтыншы орынға 150 мың теңге.
«Арманға жол» жартылай марафонына қатысу үшін 2 мың теңге жарна төлеу қажет. Өзге қашықтықтарға қатысу тегін. Марафоннан түскен қаржы қайырымдылық шараларына жұмсалады.
Қазіргі кезде Қарағандыдағы марафонға қатысуға 2017 жылы Лондонда өткен әлем чемпионатында өнер көрсеткен қырғызстандық Виктория Полюдина мен Рио Олимпиадасында Беларусь елінің намысын қорғаған Владислав Прямов өтініш білдірген. Қазақстаннан Андрей Лейменов пен Михаил Красилов бар.