Қарағандыда 5 көлікті зақымдаған мас жүргізуші екі айға қамалды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Мас күйінде рульге отырып, 5 көлікке соғылған жүргізуші 2 айын қамауда өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Lexus 570» автокөлігінің 49 жастағы жүргізушісіне қатысты 2 айға әкімшілік қамауға алу түріндегі санкция қолданылды», - деп мәлім етті Қарағанды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Еске сала кетейік, 20 қазан күні «Lexus 570» көлігін мас күйінде басқарған жүргізуші «Степной-4» шағынауданындағы үйдің ауласында тұрған 5 машинамен соқтығысқан.
Жедел басқару орталығының қызметкерлері оқиға орнына патрульдік полиция полкінің және Оңтүстік-шығыс полиция бөлімінің жедел-тергеу тобының нарядтарын жіберді. Жол-көлік оқиғасына кінәлі адамды ұстау кезінде белгісіз тұлғалар полицейлердің жұмысына кедергі келтірмек болған. Өз міндеттерін атқару барысында полиция қызметкерлеріне бағынбағаны үшін оларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Екі құқықбұзушыға 5 және 3 тәулік әкімшілік жаза қолданылды.
Жол апаты салдарынан 25 жастағы ер адам мен 29 жастағы әйел жарақат алды.