Қарағандыда 50 млн теңге жымқырды деп айыпталған бұрынғы шенеуніктерге үкім шықты
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы Саран қаласындағы мемлекеттік орталық қазандық құрылысына бюджеттен бөлінген 50 млн теңгені жымқыру бойынша айыпталған Павлодар қазандық зауытының директоры Тимур Данияров ақталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық сотының судьясы Манат Жұмақаева ҚР ҚК 28-176-бабы - «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету» бойынша қылмыс құрамының болмауынан мердігерді ақтады.
Қалған төрт сотталушы - Қарағанды облысы құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы Темірғали Дүйсенбаев, құрылыс басқармасы бөлімінің бұрынғы басшысы Нұрбек Нұрмағамбетов және Саран қаласындағы мемлекеттік орталық қазандық құрылысын техникалық қадағалаумен айналысқан жеке компания өкілдері Мұратбек Ахметов пен Владимир Данильченко шартты түрде екі жылға сотталды.
«Сотталушыны айыпты деп танып, бас бостандығын шектеуден тыс жаза тағайындалсын», - деп судья сотталушылардың әрбіріне үкім оқыды.
Барлық төрт айыптыға түнгі уақытта көңіл көтеру орындарына баруға және ҚАЖ департаментінің пробация қызметіне хабар берместен мекенжайын өзгертуге тыйым салынады.
Қарағанды облысы әкімдігі жазған 49 миллион 828 мың 238 теңгені айыпталушы бесеуден өндіріп алу туралы талап арыз қанағаттандырылмады.
Айта кетейік, қазандық құрылысы өңір үшін өте маңызды болатын. Қазандық арқылы 43 000 мың адам тұратын қаланы сапалы орталық жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етеді деп күтілген. Жоба мердігері «Павлодар қазандық зауыты» ЖШС Қарағанды облысының құрылыс басқармасымен 2015 жылдың желтоқсанында келісімшарт бекіткен. Алайда, мердігер қаржылық қиындықтарды алға тартып, барлық жұмысты тоқтатып қойған.
Еске сала кетсек, Қарағанды облысы құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы Темірғали Дүйсенбаев «Павлодар қазандық зауыты» ЖШС атқарған жұмыстар жөнінде жалған деректер келтірді деп айыпталуда. Аталған фирма нысанды дер кезінде пайдалануға бермеген. Бірақ, шенеуніктің жалған дерек көрсетуінен бюджеттік ақшаның ауқымды бөлігі фирмаға заңсыз аударылған. Қазандық әлі күнге дейін қолдануға берілмеді.
