Қарағандыда 9 айлық сәби өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қарағандыда реанимацияға түсіп, артынан шетінеп кеткен 9 айлық сәбидің өліміне қатысты тергеп-тексеру жүріп жатыр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағандыда 9 айлық сәби өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр

«Қарағандыдағы жағдай бойынша алдымен, сәбидің ата-анасына көңіл айтамын. Сәби өлімінің себебі әзірге белгісіз, тергеу амалдары жүріп жатыр. Сот-медициналық сараптаманың алғашқы қорытындысы бойынша нәрестеде асфикция болған. Яғни құсу массасы», - деді Айжан Есмағамбетова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ тілші сұрақ-жауап барысында «сәби өліміне коронавирус себеп болуы мүмкін бе?» деп нақтылады. Спикердің айтуынша, бұл оқиғаға коронавирустың қатысы жоқ.

Еске сала кетсек, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі елімізде сәби өлімінің артқанын растаған еді. Биыл 9 айда сәбилердің өлім-жітімі 8,18% құрады. Өткен жылдың 9 айында нәресте өлімі 7,92% болған.

Одан бөлек, ведомствода балалар арасында тыныс алу ағзаларының аурулары, қан және қан түзу, ас қорыту жүйелері, жарақаттар, улану мен сыртқы себептер әсері салдарынан пайда болатын ауру түрлерінің жиі кездесетіні айтылды.