15:51, 29 Маусым 2018 | GMT +5
Қарағандыда әділет департаментінің алдында машина өртенді
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда әділет департаменті ғимаратының алдындағы автотұрақта тұрған автомобиль өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«28 маусым күні 17:55-те Жамбыл көшесі, 11 мекенжайында Toyota Land Cruizer автомобилі өртенді. Машинаның моторы мен алдыңғы орындығы жанған», - деп мәлімдеді Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаменті.
Жалын екі шаршы метр ауданды шарпыды. Алдын ала мәліметтер бойынша, өрттің тұтануына өткізгіштердің қысқа тұйықталуы себеп болған.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, өрт 18:19-да толықтай сөндірілген. Құрбан болғандар жоқ, ешкім зардап шекпеген.