Қарағандыда «Ақылды қала» жобаларының байқауы жарияланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағандыда «Сарыарқа болашағы» байқауына өтінімдер қабылдау жарияланды. Биыл байқаудың тақырыбы «Ақылды қала» болады, деп хабарлайды өңір басшысының ресми сайты.

Қарағандыда «Ақылды қала» жобаларының байқауы жарияланды

Қазылар алқасы қала құрылысы, қоғамдық қауіпсіздік, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы үздік жобаларды таңдайды.

Жеңімпаздар сыйлық ретінде 200-ден 500 мың теңге дейінгі көлемде ақшалай сыйақы алады.

Байқаудың ұйымдастырушысы - «Сарыарқа ӘКК» АҚ. 
Байқау жұмыстары үш санатқа бөлінеді: «Мектеп оқушылары және ЖОО мен колледждердің 1-2 курс студенттері арасындағы үздік гуманитарлық-техникалық инновациялық жоба», «Мектеп оқушылары мен колледждердің 1-2 курс студенттері арасындағы үздік техникалық инновациялық жоба» және «ЖОО мен колледждердің 3-4 курс студенттері мен 29 жасқа дейінгі жас ғалымдар арасындағы үздік инновациялық жоба». 
Бірінші санат бойынша өз жұмыстарын ұсынатын қатысушылардан қазылар алқасы әлеуметтік маңызға ие және қала тұрғындарының өмірін жақсартуға бағытталған батыл әрі ерекше жобаларды күтеді. Оларды техникалық тұрғыда растаудың, құнын есептеп, жүзеге асыру жолдарын іздеудің қажеті жоқ. 

Екінші санатта қатысушыларға жобаның техникалық жағын негіздеу керек. Оны жүзеге асыру қазір немесе жақын болашақта мүмкін деп болжанып отыр. 

Үшінші санат - ең күрделі. Онда толығымен дайын және түбегейлі ойластырылған, құны, қуаттылығы есептелген жобалар қарастырылады. 

 Әр санат бойынша жеңімпаздар 500 мың теңге көлемінде сыйақы алады. 

Екінші орын алған байқауға қатысушылар 300 мың теңгеден, ал үшінші орын иеленгендер 200 мың теңге көлемінде сыйлыққа ие болады.

Қатысуға өтінімдер 4 мамырға дейін қабылданады. Қорытындыны жариялау 1 маусымға жоспарланып отыр.