Қарағандыда әлеуметтік желіде түйнеме туралы жалған ақпарат таратқандарға қатысты қылмыстық іс қозғады

Бұл туралы облыстың ІІД бастығының орынбасары Қайрат Дүйсебеков мәлімдеді.
«WhatsApp кросс-платформалық қосымша арқылы 17 адам түйнеме жұқтырды, осыған байланысты ТЖ жариялануы мүмкін деген ақпарат тарату фактісі бойынша ҚР ҚК 274-бабы бойынша қылмыстық іс қозғады», - деді брифингте Қ. Дүйсебеков.
Соталды тергеу жүргізілуде. «Бұл ауыр қылмысқа жатады. Бап санкциясы 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. WhatsApp арқылы ақпарат тарату көзін айқындауға болады, бізде бұған мүмкіндіктер бар», - деп атап өтті ІІД бастығының орынбасары.
Бұдан басқа, сүт өнімдері сібір жарасымен зақымданған, қаскүнемдерді табуға 1 млн теңге сыйақы тағайындалды деген ақпарат тарады. Компания жалған ақпарат таратқандарға қылмыстық іс қозғау туралы полицияға шағымданды. «Халық осылай дүрлікпе әрекетімен қоғамға қауіп төндіретіндерін білмейді», - деп атап өтті компаниядан.
Облыстың ДСБ басшысының орынбасары Фазыл Көпебаев облыстық инфекциялық ауруханаға түйнеме науқасымен байланыста болған бір адамның жатқызылғанын айтты. «ҚМУ бесінші курс студенті облыстық клиникалық ауруханада кезекшілікте дәрігерлермен бірге кейіннен қаза тапқан әйелді қараған. Байланыстан кейін ол алдын алу мақсатында антибиотикотерапия курсын алды. Ол ауруханаға жүгінді», - деп түсіндірді дәрігер.
Орынбасардың айтуынша, студенттің жағдайы қанағаттанарлық. «Барлық зертханалық зерттеу алынды, енді нәтижесін күтудеміз» , деп қосты ол.
Медиктердің ақпаратынша, ауруханаға Шет ауданы Еркіндік ауылынан 9 жасар баласымен тағы бір әйел жеткізілген. Тексергеннен кейін ауру белгілері табылмады, олар үйлеріне қайтарылды.
Осылайша байланыста болған адамдар саны - 73.
Еске салсақ, Еркіндік ауылында түйнеме салдарынан 15 күнге ТЖ режімі енгізілген. Ауыл тұрғыны ауру мал сойып, туыстарына, көршілеріне таратқан. 9 адам ауруханаға түсіп, екеуі қаза тапты.
Факті бойынша ҚР ҚК 327-бабы, ҚР ҚК 317-бабымен екі қылмыстық іс қозғалды. Сот алды тергеу жүргізілуде.
Бұдан басқа екі ведомстволық комиссия жұмыс істеуде. Бірі ветеринариялық дәрігерлердің, екіншісі дәрігерлердің жұмыс сапасын тексеруде.