Қарағандыда алғашқы электробусты тестілеу аяқталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Былтыр күзде Қарағандыда алғашқы электробус  қатынай бастаған еді. Қала билігі аталмыш көлік түрі қолданыстағы автобустарды қаншалықты алмастыра алатынын білу үшін жолға шығарған болатын. Осы уақытқа дейін электробус №66 бағыттағы жолаушыларды тасымалдады. «Қарағанды жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-де өткізілген сынақтың нәтижесі туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ekaraganda сайтына сілтеме жасап.

Қарағандыда алғашқы электробусты тестілеу аяқталды

Электробустарды Қазақстан-Қытай кәсіпорны шығарып жатыр. Олар елімізде құрастырылуда. Көліктің бұл түрі Қазақстан климатының ерекшеліктеріне бейімделген. Электробустарға 20 мың жұмыс айналымына жететін инновациялық батареялар орнатылған. Алдын ала есеп бойынша, бір батарея 1 млн шақырымнан астам қашықтыққа жетеді, яғни 10 жылға дейін жарамды. Электробустардың құны қарапайым автобустардан 15-20% қымбат, яғни 280 мың долларды құрайды.

Қала әкімдігінен хабарлағандай, жүргізілген сынақ бойынша электробус өзінде көрсетілген техникалық сипаттамаларды толығымен дәлелдеді және өңірдегі қалалық маршруттарда қолдану үшін жарамды болып танылды.

«Электробусты жүргізген №2 автопарк тарапынан және тұрғындардан сын-ескертулер түскен жоқ», - деп жауап берді әкімдікте.