Қарағандыда алимент төлеуден жалтарған борышкер бес тәулікке тұтқындалды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда 600 мың теңге алименттік қарызы бар ер адам 5 тәулікке әкімшілік тұтқынға алынды, деп хабарлады облыстық Сот актілерін орындау департаментінің баспасөз хатшысы Әсел Ахмалишева.

Қарағандыда алимент төлеуден жалтарған борышкер бес тәулікке тұтқындалды

«Қазақстанда алимент төлеуден жалтарған борышкерлерге қатысты жаза күшейтілді. Соның бірі тұтқынға алынды. 600 мың теңге сомасында берешегі бар қатыгез әкеге алғашқы қаулы шығарылды, ол әкімшілік соттың шешімімен арнайы қабылдағышта 5 тәулік тұтқында болады», - деді А.Ахмалишева.

Сот орындаушылары алимент бойынша борышкерлерге қатысты жұмысты жандандырды, деп атап өтті ведомствоның баспасөз хатшысы. Оның айтуынша, қазіргі уақытта әкімшілік сотқа материалдар дайындалып жатыр.

«ҚР ҚК 136-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылған борышкерді екі жылға дейін бас бостандығынан айыруға болады. Бұдан басқа, борышкерлер әкімшілік жұмысқа да тартылуы мүмкін», - деді А.Ахмалишева.

Заңда жұмыссыз азаматтардың алименттік сомасына өзгерістер енгізілді. «Бұрын жұмыссыздар ең аз айлық төлем бойынша, бір балаға 4 650 теңге төлеген. Енді Қазақстан бойынша орташа жалақы негізге алынады. Қазіргі уақытта бір балаға төлем 27 160 теңгені, екі балаға - 36 213 теңгені, үш және одан көп балаға - 54 320 теңгені құрайды», - деп түсінік берді облыстық Сот актілерін орындау департаментінің өкілі.