Қарағандыда Аманжолов оқуларының жеңімпаздары марапатталды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда Қасым Аманжоловтың «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ...» республикалық оқуларының қорытындысы шығарылды.

Қарағандыда Аманжолов оқуларының жеңімпаздары марапатталды

Жыр мерекесі осы күнде қаланың мәдени дәстүріне айналған. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Аманжолов оқулары он бірінші рет өткізілді. Биыл шара ақынның 110 жылдығына арналған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Байқауға 118 өтінім келіп түсті. Шараға Қасым Аманжоловтың шығармашылығына тәнті азаматтар қатысты және олар еліміздің барлық өңірлерінен, тіпті Польша мемлекетінен де қатысты.

«Дүниеге келер әлі талай Қасым...» номинациясында бас жүлдені қызылордалық Ақжол Дошанов жеңіп алды.

Бірінші орынды Жәлел Шалқар (Қарағанды), екінші орынды Мақсат Күземханов (Балқаш) иеленді. Үшінші орынды ұш адам өзара бөлісті. Олар: Айзада Рахымжанова (Нұр-Сұлтан), Аршын Нұрбақыт (Алматы облысы) және Арайлым Мұраталиева (Шымкент). Ернұр Әуезхан (Қостанай облысы), Қайрат Иманбеков (Қарағанды), Роллан Кеңесханов (ШҚО) және Абай Ораз (Жезқазған) арнайы дипломдармен марапатталды.

«Жас дәурен» аталымында қарағандылық Айбек Рымғали бас жүлдені жеңіп алды.

Бірінші орынды Сырым Мұхаметжанов (Нұр-Сұлтан), екінші орынды Кәмшат Тұрарбекова (Нұр - Сұлтан) иеленді. Үшінші орын иегерлері: Жанболат Байсолтан (Павлодар), Қуандық Төкенов (Қарағанды) және Ерасыл Алпысбай (СҚО). Арнайы дипломдармен Қарағандының «Арай» тобы және Жанна Ысқақова (Қарағанды) марапатталды.

Байқауға қатысушылар Қасым Аманжоловтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Ақындық мерекеде Qasym сериясының төртінші кітабының тұсаукесері өтті.

Аманжолов оқулары алғаш рет Қарағандыда 2011 жылдың 11 қазанында ақынның 100 жылдығын атап өту кезінде өтті.